Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев балаларды Жаңа жылмен құттықтады

25.12.2017

Астаналық Оқушылар сарайында ел Президентінің атынан жаңажылдық шырша мерекесі болып өтті. 

«Қымбатты балалар! Баршамыз асыға күтетін жарқын мереке Жаңа жылға санаулы күндер ғана қалды. Мен сендерді алда келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Осынау шырша тойы естеріңде қалатын ерекше кеш болады деп сенемін. Сендер берекелі, бейбіт елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Халқымыз «Өсер елді өскелең ұрпағынан таниды» деген сөзді бекер айтпаған. 

Ата-ананың үкілі үмітін ақтайтын да, туған еліміздің асқақ рухын сақтайтын да, мына сендер. Сондықтан, біз сендердің ақылды да алғыр, зерделі де зерек болғандарыңды қалаймыз. 

Айналайын, балалар! Мен бәріңе мол игілік, жарқын болашақ тілеймін. Балалық шақтарың базарлы, өмірлерің ажарлы болсын. Жаңа жылда армандарың орындалып, Тәуелсіз елімізбен бірге өсіп, өркендей беріңдер! Мерекелеріңмен!», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бейнеқұттықтауында.   

Мерекеге 9 бен 13 жас аралығындағы 200-ге жуық бала қатысты, оның 26-сы жетім балалар, 126-сы аз қамтылған отбасыдан шыққан, ата-анасының көмегінсіз қалған балалар – 43 және ерекше күтімдегі 5 бала. 

Мерекелік шоу-бағдарлама аясында балаларды ертегі кейіпкерлері мен жаңажылдық сыйлықтар ерекше қуантты, ал шыршадан кейін ЭКСПО-2017 көрмесіне экскурсияға баратын болады.

Іс-шараның қоюшы режиссері – Қазақстан Республикасының халық әртісі, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыка-драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменов.