«Бояулар әлемі» атты шығармашылық көрмесі ашылды

7.02.2018

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайында бала қиялы мен арман-тілегі ұштасқан «Бояулар әлемі» атты шығармашылық көрменің ашылу салтанаты өтті.

Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайының 30 жылдық мерейтойы мен Астана қаласының  20 жылдығына  арналған іс-шара аясында оқушылар сарайының «Бейнелеу өнері», «Ағаштан қашау», «Киіз тоқу ғажайыптары», «Қағаз қиялы», «Фантазия» ұсақмоншақтар үйірмелерінің талантты тәрбиеленушілерінің жүрегінен шыққан 120-дан астам туындылары ұсынылды.

Көрме үш әлемге бөлінген «Рухани әлем», «Ұлы дала қаласы», «Әлем балалардың көзімен».

Шығармашылық көрменің мақсаты балалардың шығармашылық нәтижелерін көрсетуді,  балалардың өнерге деген  махаббатын, ынтасын одан әрі дамыту және  жасөспірімдердің  эстетикалық тәрбиесін қалыптастыруды көздейді.

Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары  «Бояулар әлемі» атты шығармашылық көрмені  ақпан айының  7-сі мен 17-ші жұлдызы аралығында  тамашалап, көре алатын болады.